Парламент 2023 жылға арналған бюджет туралы Үкіметтің есебін мақұлдады

Парламент 2023 жылға арналған бюджет туралы Үкіметтің есебін мақұлдады

Үкімет экономиканың 6% өсіміне қол жеткізу үшін бар күшін салады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Республика Премьер-Министрі мәлімдеді. Олжас Бектенов мақсатқа жету үшін нақты шараларды атап өтті.

Жалпы, Үкімет экономика өсуінің негізгі нүктелері ретінде құрылыс, инфрақұрылым, өңдеу және АӨК бөледі. Алдағы жоспарда бұл салаларға қолдау басым болады. Ал Парламенттің 2023 жылғы бюджетінің орындалуы туралы Қаржы министрлігінің басшысы есеп берді.

Осылайша, 2023 жылы ЖІӨ өсімі 5,1% -ды құрады. Жылдық инфляция 2 есеге төмендеп, 9,8% тең келді. Мәди Тәкиевтің айтуынша, республикалық бюджеттің кірісі бойынша жылдық жоспар 99,9%-ға орындалды. Шығыстар 99,6%-ды құрады. Ұлттық қорға келетін болсақ, оның активтері АҚШ валютасында 60 миллиард долларға жетті. 

Сөз соңында министр Жоғары аудиторлық палатаның бюджеттің кіріс бөлігі бойынша қорытындысына түсініктеме берді.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

– Қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемін ұлғайтуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар, көлеңкелі айналымның қысқаруына үлкен әсер етті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 88,7% құрады. Негізгі себептерінің бірі, өткен жылы Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың, 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдау болып табылады. Нәтижесінде, көлеңкелі экономика деңгейі жоспарланған 19,9 %-дан 18,8 %-ға дейін төмендеді. Жалпы біз, бүгінгі күні, Министрлік барлық процестерді ауқымды цифрландыру мәселелеріне басымдық беруде.