Қазақстанның Энергетика министрлігі жанар-жағармай материалдарының өндірісінен бастап, оны өткізу мен сақтауға дейінгі барлық кезеңінде бақылауды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа елімізде дизель отыны мен жалпы жанар-жағармай бойынша материалдық қор құру жоспарланып отыр. Ал отын бағасына келер болсақ, Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазір жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Біз жүйелі өзгерістерді дайындаудамыз. Біріншіден, үш мұнай өңдеу зауытының жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарының мерзімдерін нақтылау және регламенттеу көзделеді. Екіншіден, елімізде мемлекеттік материалдық қор қалыптастыру, үшіншіден, жанар-жағармайды бақылау қолға алынады. Сонымен қатар әр мұнай базасында тиісті құрал-жабдықтың болуы қадағаланады. Осы мәселелерді зерттеп жатырмыз, қолға алдық. Жылдың соңына дейін нақты ұсыныстар енгіземіз.
Сондай-ақ Сенатта алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы да қаралды. Мәселен, 2022 жылы мемлекет шығыстарының жалпы көлемінің шамамен 51% әлеуметтік салаға бағытталады. 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 60% құрайды. Әлеуметтік салаға жалпы 26 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы қаражат көптеген әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, әлеуметтік төлемдерді индекстеу, мұғалімдердің, дәрігерлердің, бюджеттен еңбекақы алатын басқа да қызметкерлердің жалақысын арттыру және көптеген әлеуметтік нысан салу көзделген.
Сонымен қатар Сенат төрағасы атап өткендей, қазынадан қаражат жалпыұлттық бастамаларды іске асыруға жұмсалады. Оның ішінде індеттен кейінгі дағдарыс салдарын еңсеруге ел Президенті қойған міндеттерді орындауға бағытталады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Алдағы үш жылға арналған бюджет негізінен қайта қалыпқа келуге және дамуға бағытталып отыр. Президенттің биылғы Жолдауында пандемиядан кейінгі кезенде экономиканың қалпына келтірудің нақты міндеттері белгіленді. Өнеркәсіптің тиімділігін арттыруға, өңірлерді дамытуға, халықты аландатқан өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты да мақсат-міндеттер айқындалды.
Сенат заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, Мәжіліске қайта қайтару туралы қаулы қабылдағанын айта кеткен жөн.
Авторы: Ақзер Сегізбай