Тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет. 2020 жылғы сын-қатерлерге төтеп бере алған Қазақстан туралы сарапшылар осындай пікір айтты. Олар пандемия кезінде елімізде тиімді дағдарыс менеджментін құрылғанын, үкімет дер кезінде тиісті шараларды қолға алғанын атап көрсетті.
БАУЫРЖАН ТӨЛЕГЕНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
- Соңғы он жыл Қазақстан үшін оң болды десек болады. Сыртқы және ішкі саяси жағдай тұрақты болды. Қоғамдық институт пен мемлекеттік басқару жұмысы жүйелі жүргізілген. Оның тиімділігі осы 2020 жылғы сын-қатерлер жағдайында айқындалды.
Жалпы дүниежүзілік өнім 5-6 пайызға құлдыраса, Қазақстанда 1-1,5 пайыз көлемінде төмендеді. Бұл үкіметтің халықтың әлеуметтік мәселелерін шапшаң реттеу, халық үніне құлақ асатын мемлекет философиясын енгізу бағытындағы шараларының нәтжесінде мүмкін болды, дейді сарапшылар.
Сондай-ақ биылғы жыл Президенттік институттың тиімділігін дәлелдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев кері байланыс орнатудың үлгісін көрсетті. Бұл да, биліктің халықтың мұң-мұқтажына құлақ асуға ден қойғанын білдіреді.
Бұл ретте биыл саяси реформалардың бірінші пакеті ұсынылып, жеті бірдей заңға өзгерістер енгізілді. Стратегиялық жоспарлау және Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес құрылды.
ҚАЗЫБЕК МАЙГЕЛДИНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
- Президент үшін мемлекеттік маңызы бар, немесе кішігірім жұмыстар болған жоқ. Өйткені Сонақтағы, Сәтпаев қаласында болған оқиғалар, мысалы Алматыдағы талдарды кесуге байланысты Президент тікелей тапсырма беру арқылы қазіргі таңдағы қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтудағы өз үлесін қосып отыр деп айтуға болады. Өйткені, естуші мемлекет философиясы қазіргі таңда Президенттің өзінің тікелей тренд қою арқылы жүріп отыр деп біз нақты айта аламыз.
ЕРЛАН САИРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
- Қазақстан – тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет. Бұл – Президент Тоқаевтың кешенді қызметінің басты нәтижесі. Жыл басынан бері Президенттің бастамасымен еліміздегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, пандемия кезіндегі әлеуметтік деңгейді төмендетпеу бойынша жүйелі қадамдар жасады.
Келесі жылы саяси реформалардың екінші кешені ұсынылмақ. Саясаттанушылардың болжамынша, бұл пакет мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсуге сеп болмақ.