Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан
халқын Республика күнімен құттықтады. Президент бұл қазақтың мемлекеттілік
дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күні екенін атап өтті. Осыдан 33 жыл бұрын Қазақстанның
Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен тарихи әділдік
орнады. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды. Егемендік алумен
республика елеулі табыстарға қол жеткізді – әлемдік аренада өзін танытып, көрші
елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамыз біржола шегенделіп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Еліміз соңғы жылдары түбегейлі
жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды
қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды. Жалпыұлттық
референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың
саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты.
Мемлекет басшысы еліміздің басты байлығы бейбітшілік екенін баса айтты. Ол бізге тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанның бүгінгі таңдағы басты ерекшелігі. Халықаралық сарапшылар Қазақстанды «бейбітшіліктің бесігі» деп атауы да тегін емес. Сондықтан осы құндылықтарымызды сақтауымыз қажет. Сондай-ақ мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар бүгін президент еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қазақстандықтарға мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында мұғалімдер, медицина қызметкерлері, аграрийлер, өндіріс қызметкерлері, еңбек ардагерлері бар.