Сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарына оң баға берді

Инвесторларды тарту стратегиясын өзгерту, бизнес пен үкімет арасында конструктивті диалог құру, ақша-несие, бюджет және салық саясаттары арасындағы байланысты нығайту. Мемлекет басшысының жолдауында жариялаған жаңа экономикалық бағыттың осы және өзге де қағидалары жан-жақты ойластырылған, тиімді әрі елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының айтуынша, бұл өзгерістердің нәтижесін қазақстандықтар жақын арада толық сезіне алады.

Ғабит Матаев, Экономикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері:

-Бүгін көтерілген мәселелердің дені ел экономикасына тікелей қатысты болды.  Саяси реформалар кез келген қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды екені түсінікті. Алайда, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз бүгін экономикалық мәселелер мен жаңа экономикалық саясаттың негіздеріне, оның маңызды бағыттарына ерекше көңіл бөліп, басымдық беруіміз керек.  Менің ойымша, бұл бастамаларды қоғамның басым бөлігі дұрыс қабылдады және ең бастысы айтылған мәселелер мен бағыттар, кешенді шаралар алдағы үш жыл ішінде жүзеге асырылады.  Ел халқы  әрине бұл шаралардың нақты нәтижелерін күтеді.

Қазақстанның алдағы үш жылдағы экономикалық дамуының жаңа моделі, атап айтқанда, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға негізделетін болады. Шетелдік дипломатиялық өкілдердің пікірінше, мемлекет басшысының мұндай шешімі, оның ішінде Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын дамыту аясында оң нәтиже беретіні сөзсіз.

Марко Альберти, Италияның Қазақстандағы елшісі:

- Италия Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі. Сондықтан біз үшін Қазақстанмен іскерлік ынтымақтастықты арттыру маңызды. Бүгін Президент іскерлік ахуал мемлекет пен жеке сектор арасындағы табысты диалогтың нәтижесі деп ерекше атап өтті. Бұл өте орынды айтылған сөз. Іскерлік ортаны жақсартудың жолы ұзақ әрі  қиын. Біз бұл бағытта бірлесіп  жұмыс істеуге дайынбыз. Қазақстанның алған жаңа экономикалық бағытын қолдаймыз.