Сарапшылар Қ.Тоқаевтың Қытайға сапарына баға берді

Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапарының қорытындысын талқылауды жалғастыруда. Олар бұл шараның елдер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және кеңейту үшін үлкен маңызы бар екенін бірауыздан атап өтті. Мемлекет басшысының аспан асты еліне  сапары және «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуы тараптар арасындағы көпжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін тағы бір дәлелдейді. Бүгінде көрші мемлекет Қазақстанның басты сауда серіктесі болып табылады.

Жұмабек Сарабеков, ҚР Тұңғыш президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
-
Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің тізімінде Қытай көшбасында тұр. Ал тенденциялар мен болжамдарды ескере отырып, Қытай экономикасы да өсіп, сауда-саттық артады. Сондықтан да, екі ел арасындағы экономикалық жоба әрқашан шешуші рөлді атқарады. Сонымен қатар маңыздылығы одан да арта түседі. Сондықтан мұндай кездесулер, менің ойымша, тараптардың жаңа деңгейге шығуына септігін тигізеді.

Сарапшылардың пікірінше, қытайдың аса ірі «Бір белдеу – бір жол» жобасы тек Қазақстанның емес, бүкіл аймақтағы көлік-логистикалық әлеуеттің артуына үлкен серпіліс берді.

Руслан Изимов, «Синопсис» Қытай мен Орта Азияны зерттеу орталығының директоры:
-Орта Азия қашанда Шығыс пен Батысты жалғайтын құрлықаралық көпір рөлін атқарып келді. Орта Азия арқылы дәл осындай құрлық дәлізін құру Қытай үшін көпжылдық ең маңызды бағдарламаның бірі болды. Бұл бағдарламаның құрылу мақсаты да сол. Бір белдеу – бір жол концепциясы көлік, транзиттік, логистикалық, инфрақұрылымдық әлеуеттің, әсіресе, Қазақстан әлеуетін арттыруға жол ашты. Оның үстіне, Қазақстан үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Ол бірінші кезекте – Еуропаға жылдам жету мүмкіндігі.