Қазақстанның экономикасы келер жылы дағдарысқа дейінгі қалпына жетіп қайта жандана бастайды. Сарапшылардың пікірінше, жағдайдың оңалуына ел Үкіметінің қиын-қыстау уақытта дер кезінде қабылданған игі шаралары мен халықаралық қаржы институттарының қолдауы үлкен сеп болған. Мамандар отандық экономиканың дамуын бірыңғай экономикалық кеңістіктегі өзге мемлекеттерден қарқындырақ жүретінін болжап отыр.
АМАНГЕЛДІ ИСЕНОВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ДАМУ БАНКІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Жетекші сарапшылардың айтуынша, негізгі болжамға сәйкес, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал жаппай вакцинациялау науқанының басталуына орай, мәселен Еуропалық одақта жүріп жатқан екпе шараларын ескеретін болсақ, шамамен келер жылдың екінші тоқсанында тұрақтайды деп күтілуде. Осындай жағдай орын алатын болса, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі келер жылы 4,4 процент деңгейінде өсім көрсетеді деп болжамдап отырмыз.
Айта кетейік, Еуразиялық даму банкімен қатар, Азиялық қаржы институты да биыл Қазақстанға арнайы қолдау шараларын ұсынған болатын.
МИРЗО ИСКАНДАР ГУЛАМОВ, АДБ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛДІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
- Осы жылы әрине біздің қолдау шараларының негізгі бөлігі жаһандық деңгейде өршіп, әлі де белең алып келетін пандемияның келеңсіз әсерін жеңілдетуге бағытталғанын атап өту керек. Мәселен, біз 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі аса ірі займды мақұлдадық. Жақында ол Парламентте ратификацияланып, қаржы министрілігіне берілді. Бұл қаржы денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту жүйелері және биыл елдің Үкіметі экономиканы жандандыру мақсатында құрған кешенді шараларды жүзеге асыруға жұмсалатын болады.
Қазақстанда биыл дағдарысқа қарсы шараларға 6 трлн теңгеге жуық қаржы бағытталды. Бұл шамамен елдің Жалпы ішкі өнімінің 9 процентін құрайды. Сарапшылардың есебінше, бұндай деңгейдегі мемлекеттік қолдау дамыған елдердің көрсеткішінен еш кем түспейді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов