Қазақстандық ғалымдар автожол саласына арналған жаңа технологиялық жобалар әзірлеуде

Қазақстандық ғалымдар автожол саласына арналған жаңа технологиялық жобалар әзірлеуде

Қазақстандық ғалымдар әлемде теңдесі жоқ су сіңірмейтін асфальт шығарды. Ғылыми жаңалық иелері ұсынған арнайы қоспа көмегімен тас жолдардың қолданыс мерзімін 10-15 жылға ұзартуға болады. Жаңа тәсіл биылғы жылдың көктемінен бастап, жол құрылысында қолданыла бастаған. Отандық ғалымдар ұсынған тағы бір жаңалық – жолдағы ойық ізді модификациялау құралы.

Азамат Омаров, компанияның әзірлеуші-технологы:

- Біздің барлық өнертабыстарымыз Қазақстанда қолданылатын материалдарды ескеріп жасалған. Яғни, біздің қиыршық тасты, битумды, климатты, еңбек жағдайын, біздің болмысты есепке алдық. Бұл жаңалықтар тек біздің жолдарға бейімделген. Қысы аязды Солтүстікке, жазы ыстық Оңтүстікке, тұзды су мен желдің ықпалы үлкен Батыс Қазақстанға жеке-жеке бейімдедік.  

Сонымен қатар, Қазақстанда жол құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай дерекқоры іске қосылды. Оған 300-ге тарта өнертабыс енген. 50 ғылыми жаңалық тас жолда сыналып, өз тиімділігін дәлелдеді. Жаңашылдықтар қатарында асфальт-бетон қоспаларынан бөлек, жер қыртысын тұрақтандыратын тәсілдер бар. Олар жол жабынының ұзақ мерзімді қызметімен қоса, жол құрылысын арзан әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді.

Адия Жұмағұлова, Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер орталығының басшысы:

- «Жасыл» мәртебесі бар, яғни, қолданысқа енгізу ұсынылған жол құрылыс материалдарының басым бөлігі отандық өндіріске тиесілі. Жол құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай дерекқоры отандық өнімнің халықаралық нарықта бәсекеге түсуіне жол ашады. Қазірдің өзінде біздің мамандар 190 өнертабыс ұсынған, оның 70-80-ін қазақстандық өндіріс ошақтары ойлап тапқан.  

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?