Қазақстан ядролық материалдарды сақтау үшін қауіпсіз деп танылды. 2017 жылы еліміздің аумағында төмен байытылған уран банкі құрылды. Ал осыдан тура 30 жыл бұрын біз Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің толыққанды мүшесі атандық. Дәл осы күнге орай елорданың Президенттік орталығында сарапшылар, ғалымдар және бірқатар шетелдік ұйым өкілдерінің қатысуымен арнайы халықаралық конференция ұйымдастырылды. Мамандар еліміздің жаһандық антиядролық қозғалысты дамытудағы бастамаларының тарихи маңыздылығы және бейбіт атомды пайдаланудың әлеуетін талқылады. Осылайша, Қазақстан АЭС құрылысы есебінен өзінің энергия қауіпсіздігін күшейтеді және көмірқышқыл газының шығарындыларын төмендетеді. Ол үшін еліміз ең алдымен ядролық технологияларды жеткізуші 4 компаниямен жан-жақты келіссөз жүргізуі тиіс. Бұл ретте Қазақстанның бірқатар талаптары бар. Бірінші кезекте, әрине, қауіпсіздік пен экономикалық тиімділігі ескеріледі.
Гумар Серғазин, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры:
– Бүгінгі таңда бізге құрылыстың құжаттық қаулысы қажет. Яғни, атом станциясының өзі орналасатын жерді белгілеу керек. Одан кейін оның құрылысына тартылатын елді анықтап, үкіметаралық келісімге қол қою рәсімі бар. Кейін жеке келісімшарт жасалып, жобаның техникалық экономикалық негіздемесі әзірленеді. Одан бөлек жобалық сметалық құжаттамалары жасалады. Сараптама жұмыстары өзінше бөлек. Бұған дейін әлі қоршаған ортаға әсерін бағалап алу қажет. Экологиялық талаптар шеңберіндегі қоғамдық тыңдаулар, құрылыстың өзін ескерсек, шамамен 2035 жылға қарай екі реакторды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.