Санкт-Петербургте қазақстандық мүсіншінің көрмесі ашылды

Санкт-Петербургте қазақстандық мүсіншінің көрмесі ашылды

Тарих, атамекен, дүниетаным. Тамерлан Тлес өз туындыларында осы тақырыптарды қозғайды. Санкт-Петербургте қазақстандық мүсіншінің жеке көрмесі ашылды. Шебер өз еңбектерінде қазақ халқының дүниетанымын ұлттық тарих арқылы көрсетуге тырысады. Сондай жұмыстардың бірі – «Өмір» панносы. Онымен жұмыс істеу барысында суретші өте сирек матариалдарды іздеп, үш құрлықты шарлаған. Жаңа материалдармен жұмыс істеуді һас шеберлерден меңгеріп те қайтқан. Тамерлан Тлес ежелгі қолөнер әдістерін өзінше жетілдіріп, заманауи технологиялармен шебер үйлестіре алатынымен ерекшеленеді. Экспозицияның өзі өнер тілімен жеткізілген хикая сынды. Қазақстандық мүсіншінің Санкт-петербургтегі көрмесі қазанның 9-ына дейін жалғасады.

Мария Филатова, мемлекеттік шығыс музейінің ғылыми қызметкері:

– Жергілікті тұрғындардың Қазақстан туралы білімі көп емес. Қазақстан – тарихы ежелден тамыр тартқан, мәдениеті бай, философиясы  терең керемет ел. Тамерлан оны өз шығармашылығымен жақсы жеткізе білген. Шығармашылығы әрқилы әрі қолданатын материалдары да сан түрлі. Тасты да, мамонт мүйізін де, металл мен бағалы тастарды шебер үйлестіре біледі. Осы жерде қазақ халқының дәстүрлі өмірінен сыр шертетін еңбектерді тамашалауға болады. Таңқалдырарлық.

Тамерлан Тлес, мүсінші:

– Келген қонақтар қазақ мәдениеті туралы хабар алып, сұрақ қойып жатыр. Салт-дәстүрлеріміз, көкпар ойыны туралы білгісі келгендер көп болды.  Қазақ халқының мәдениетін таныстыру – мен үшін құрмет. Өнер арқылы халықтарды жақындастыру, төл мәдениетімізді кеңге таныстыру үшін еңбек етіп келеміз.