Латын әліпбиіне көшу – тек әріп ауыстыру емес, тілге жасалатын үлкен реформа. Бұл туралы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба мәлімдеді. Маманның айтуынша, қоғамда қазіргі таңда көптеген қате пікір мен қорқыныш қалыптасқан. «Латын әліпбиі қазақ халқының ежелгі тарихында болған, қазіргі таңда біз оған оралу процесін жүргіземіз», – дейді ол. Ал әліпбиге көшу кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Әділбек Қаба, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы:
- Латын әліпбиі дегенді көпшілік латын тіліне көшіп кететін секілді қабылдайды. Латын әліпбиі біздің тарихымызда бар. Бір кездері 10 жыл қазақ тілі латын әліпбиінде болған. Қазіргі кезде одан қорқудың қажеті жоқ. Мысалы көшеде кетіп бара жатқан көліктің нөмірі, пойыз немесе ұшаққа алған билеттер де латын әліпбиінде.
Сондай-ақ спикер латын тіліне көшу процесі кезінде тілді арнайы оқытатын мамандар алдын ала дайындалатынын және олардың тізімі дайын екенін айтты.
Әділбек Қаба, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы:
- Әліпби бекітілгеннен кейінгі жылдағы ең бірінші мәселе – орфографиялық, орфоэпиялық басқа да қажетті сөздіктер шығару. Республикадағы барлық өңірде арнайы тренерлердің тізімдерін дайындап қойдық. Олар лек-легімен келіп білім алып, содан кейін жергілікті жерлерде әрі қарай халықты латын әліпбиіне оқытады.
Айта кетейік, тіл реформасы әлемнің алпауыт мемлекеттеріне таңсық емес. Мысалы АҚШ-та 4-5 рет, Францияда 2 рет, Ресей мемлекетінде 4 рет болған. Ал Қазақстанда қаріп ауыстыру тіл мамандарының дерегінше, 4-ші рет орындалмақ.
Қазіргі таңда кирилл әліпбиін әлемнің 4%, ал Жер шарының 70-тен астам бөлігі латын әліпбиін пайдаланатынын айта кеткен жөн.