«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы ел аймақтарын аралауда. Бұл жолы дәрігерлер тобы Павлодар облысының ауылдарында болып қайтты. Шалғай станциялар мен елді мекендердің жүздеген тұрғыны тегін тексеруден өтіп, тиісті ем-шара қабылдауға мүмкіндік алды.
Бибіжан Асарбекова, ауыл тұрғыны:
– Ауыл адамдары салалы мамандардың көмегіне зәру. Ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, кардиолог, терапевт, стоматологқа көрініп жатыр. Егер бұрын тек тісті жұлған болса қазір емдеп жатыр. Мен өз басым кардиологқа қаралдым.
Көшпелі емхана кешені заманауи емдеу құрылғыларымен жабдықталған. Биохимиялық талдаулар, рентгенография, флюорография, ішкі органдар мен қан тамырларының ультрадыбыстық зерттеулері, электрокардиограмма мен гастрофиброскопия жан-жақты диагностика жасауға мүмкіндік береді.
Нұрипа Тайжанова, М. Омаров ауылының жалпы тәжірибелік дәрігері:
– Таңертеңгі сегіз жарымнан бастап үш ауылдың халқы келіп өздеріне медициналық көмектер алып жатыр. Көбінесе бізге керегі стоматолог, невропатолог, УЗИ кабинет болатын. Халықтың барлығы дән риза болып алғыстарын айтып жатыр. Өте көп бізге көмек. Өйткені халық мысалы тісін емдетуге, жұлғызуға немесе невропатолог, УЗИ-ға Ақсу, облыс орталығына бара бермей бір күн болса да өздеріне керекті дәрігерлік емін алып жатыр.
Медициналық пойыз ағымдағы жылдың 2-ші қарашасына дейін еліміздің 67 шалғай станциясын аралайды деп жоспарланып отыр.