Маңғыстау облысында жаңа өнеркәсіптік жобалар іске қосылады

Маңғыстау облысында жаңа өнеркәсіптік жобалар іске қосылады

Маңғыстау облысында жаңа өнеркәсіптік жобалар іске қосылады. Үкімет отырысында ҚР Экономика министрі Әсет Ирғалиев мәлім еткендей, Жаңаөзенде газ өңдеу зауытын, сондай-ақ «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында каустикалық сода, құрамында хлор бар өнімдер шығаратын кәсіпорын салу жоспарлануда. Сонымен қатар сұйық дәрілік нысандарды, химреагенттер мен трансформаторларды шығару бойынша 21 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Оның ішінде туристік кешен, жағажай ауданындағы сауда қатарлары, визит орталығы бар этноауыл, 9 қонақ үй, демалыс аймақтары мен сауықтыру кешендері салынады. Үкімет Маңғыстау облысының алдағы 4 жылға арналған кешенді даму жоспарын мақұлдағанын айта кеткен жөн. Өңірде мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы дамыту басым міндеттерге айналады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Маңғыстау облысы даму әлеуеті жоғары өңір болып саналады. Кешенді жоспарды іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін береді. Кешенді жоспар іске асырылатын 5 жылда 2,1 трлн теңге сомасына 214 іс-шара орындалады. Аталған кезеңде өңір экономикасы 32% өседі.

Әсет Ирғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы сомасы 2,1 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 338,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 118,3 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестицилардан 1,6 трлн теңге.

Авторы: Ақзер Сегізбай