Әсіресе, соңғы кездері шетел азаматтарының таңдауы жергілікті емдеу мекемелеріне жиірек түсетіні байқалады. Елімізде сұранысқа ие болып жүрген медициналық ұйымдардың бірі – президенттік клиника. Мұнда инновациялық жобалар іске асырылып, көрсетілетін қызмет түрлерінің ауқымы кеңейтілуде.Тек биылдың өзінде емдік және диагностикалық 13 жаңа медициналық технология ендірілген.
Диагнозды нақты анықтап, толық медициналық тексерістен өтемін дегендер клиникаға тек Қазақстанның түкпір түкпірінен ғана ағылмайды. Бұл жерді таңдайтын шетелдіктер де аз емес. Жақында ашылған емдеу-диагностикалық бөлімнен Германия, АҚШ, Ұлыбритани сынды әлемнің бірқатар елінің азаматтары жанға дауа дертіне шипа алып үлгерген. Таңдаулары бекер емес. Мұнда ТМД аумағында баламасы жоқ бірегей диагностикалық қондырғы орнатылған.
Игорь Берестюк, ҚР ПІБ МОА бөлімінің аға дәрігері:
- Бізде медициналық туризм жақсы дамыған, яғни мұнда басқа мемлекеттердің азаматтары тексерілуге, диагностикадан өтуге, емделуге келеді. Біз ми, жұлын, мойын, кеуде және бел омыртқасын, буындарды, сонымен қатар іш қуысы сынды ағза жүйелерін толық тексереміз.
Аурухананың заманауи емдеу-диагностикалық блогы 200 орынға шақталған. Яғни, бұдан былай клиника әдеттегіден екі есе артық науқас қабылдай алады. Шамамен жылына 8 мың адамды қарауға қауқарлы.
Андрей Авдеев, ҚР ПІБ МОА орталығының басшысы:
Біз шетелдің үздік медициналық технологияларын ендіруге мүдделіміз. Негізінен бұл – Еуропа, АҚШ елдерінің тәжірибесі. Біздің басты міндетіміз – халықтың инновацияға жедел қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Талғат Оразов – 20 жылға жуық еңбек өтілі бар хирург-дәрігер. Жоспарлы және шұғыл оталармен бірге лапароскопия бойынша елордалық әріптестеріне арнайы роботтандырылған жабдықта күнделікті оқыту жүргізеді. Дәл осы италиялық құрылғы операциялық бөлмеде орнатылған. Апта сайын мұнда 7-8 дәрігер кәсіби біліктілігін арттырады.
Талғат Оразов, ҚР ПІБ МОА хирург-дәрігері:
- Дәрігер белгілі қашықтықта тұрады. Яғни, хирург науқастың жанында болмайды. Оның маңында көмекші және медбике бар, олар дәрігерге көмектесіп, жабдықтарды ауыстырып тұрады. Ота 3Д көзілдірігінің көмегімен жасалады. Оның сапасы өте жоғары. Бәрі 4К форматында көрінеді. Бұл – болашаққа жасалған қадам.
Айта кетейік, жыл сайын аурухананың клиникалық тәжірибесіне 25-ке жуық инновациялық технология ендіріледі. Ондағы мақсат – науқастарды емдеу мен диагностикалау қызметінің сапасын жақсарту.