«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өз жұмысын батыс аумағынан бастайды

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өз жұмысын батыс аумағынан бастайды

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы қайта жолға шықты. Оның мақсаты – шалғайдағы ауыл тұрғындарына кәсіби әрі тегін медициналық қызмет көрсету. Барлығы 147 елді мекенге бару жоспарлануда. Биыл шойын жолдағы емхана еліміздің батыс өңірлеріне барады. Пойыз барлық заманауи аппараттар және техникамен жабдықталған. Сонымен қатар оның ішінде шағын оталар жасау мүмкіндігі де қарастырылған. Медициналық бригада құрамында 30 маман бар. Хирург, невропатолог, офтальмолог, тіс дәрігері мен рентгенологтар жұмыс істейді. Пойыз ішінде психологтар мен заңгерлер де болады. Жалпы денсаулық керуені медициналық және заңгерлік көмекпен кемінде 90 мың адамды қамтиды деп жоспарланған. Темір жол нысаны барлық елді-мекенді жыл соңына дейін айналып өтеді деп күтілуде. Айта кетейік, 2010 жылдан бері медициналық пойыз 2 мың станцияға тұрақтап, 650 мың адамның денсаулығын тексеріп үлгерген.

Айнұр Егінбаева, бас дәрігер: 

– Бізде ең заманауи қондырғылар бар. Биыл маммограф орнатылды. Біздің өз қоймамыз бар. Әр қажетті жабдықтарды мұқият тексеріп, санап отырамыз. Сондықтан бірдеңе азайған сайын бірден қайта жабдықталамыз.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

– Барлық қажетті УЗИ, флюрография, рентген, электрокардиография, электроэнцефалография бар. Ең бастысы, түрлі саладағы 15 дәрігер бар. Осы пойыздың арқасында  тұрғындардың сырқаттарын неғұрлым ерте анықтауға мүмкіндік туады. Осының арқасында адамдарға тиімді түрде көмектесе аламыз.