Қазақстандағы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған науқан барлық заң талаптарына сай өтті. Жергілікті сарапшылар осындай пікір білдіріп отыр.
Ерлан Сайров, ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Барлық жерде сайлау заң аясында өтті. Халықтың сайлауға келу пайызы жоғары. Кей жерлерде 80% асады. Бұл солардың сайлауға қызығушылығын, халық үшін маңызды екенін сезіну деп ойлаймыз.
«Жаңадан сайланған әкімдер бірінші кезекте ауыл бюджетіне көңіл бөлуге тиіс. Ол үшін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы кіріс көлемін арттыруы қажет», – дейді сарапшылар. Сонымен бірге, білікті мамандарды ауылға көшіру де – басты міндеттің бірі. Осы мақсатта сайланған әкімдер «Дипломмен ауылға» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың игілігін оңтайлы қолданып, шалғайдағы елдімекендерді тапшы мамандармен қамтамасыз ету жағын ойластыруы тиіс.
Тәттігүл Талаева, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі:
- Сайлауда жеңіске жеткен әкімге жас әрі шығармашыл мамандардың басын қосу қажет болады. Олар шағын ауылдарда тәжірибе жинап, болашақта білікті маманға айналатыны белгілі. Ауылдың да жағдайын түзеуге жігерлі жандар қажет. Ал, кешегі өткен сайлау көпшіліктің ауылға оралуына септігін тигізетініне сенімдімін.