Референдумда дауыс берген азаматтардың 71,12% АЭС құрылысын қолдады

Қазақстан халқының басым көпшілігі атом электр станциясының құрылысын қолдады. Референдумда дауыс берген барлық азаматтардың 71 пайыздан астамы осы шешімді жақтады. Орталық референдум комиссиясының алдын-ала шығарған қорытындысына сәйкес, 5 жарым млн-нан астам адам АЭС салуға оң пікір білдірген. Жалпы еліміздегі дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 63 пайыздан астамы, нақтыласақ 7 млн 820 мыңнан артық адам өз таңдауын жасады.  

Нұрлан Әбдіров, Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

– Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы референдумға қойылған мәселеге қарсы дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың ішінен 2 млн 45 мың 271 адамды құрады.  Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны 82 729 құрады. Белгіленген үлгідегі дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған 130 267 бюллетеньді құрады.