Шарын шатқалының туристер арасында танымалдығы артып келеді

Шарын шатқалының туристер арасында танымалдығы артып келеді

Өткен жылы Шарын ұлттық саябағына  35 мыңға жуық турист келген. Ал биыл саябаққа бұдан екі есе көп саяхатшы сапарлайды деп күтілуде. Айта кетейік,  жергілікті және шетелдік қонақтарға ыңғайлы болу үшін барлық маршрут бойына ескерту белгілері мен арнайы жабдықталған демалыс орындары бар.  Ауа райы жағдайын бақылайтын автономды метеорологиялық станция да жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар автотұрақтардың жанынан киіз үйлер тігіліп, глэмпингтер орнату жоспарланған.

Аргентиналық Пабло Феттердің Қазақстанға алғаш келуі. Ол Шарын шатқалының теңдесі жоқ пейзаждары мен Алматы облысының тұмса табиғатының тамашалығына таң қалған.

Пабло Феттер, турист:

– Қазақстанда 50 шақырым сайын ландшафт ауысып отыратындай. Мысалы біраз жол жүрсең Швейцарияның альпы тауларындай табиғатты көруге болады. Тағы біраздан кейін шөл далаға тап боласың. Енді міне Америкадағы шатқалда жүргендеймін. Сіздер табиғаты ерекше мемлекетте өмір сүріп жатырсыздар. Осыны әлемдік деңгейде кеңінен насихаттау керек.