Мемлекет басшысы «БРИКС плюс» саммитіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазанда БРИКС-плюс саммитінде сөз сөйледі. Жиынға 36 елдің өкілі және 6 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты. Мемлекет басшысы бірлестіктің халықаралық ауқымдағы жаһандық орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түседі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды.  

Қазақстанның БРИКС-ке мүше елдермен тауар айналымы қарқынды өсіп келеді. Бұл көрсеткіш былтыр еліміздің сыртқы сауда көлемінің жартысына жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және инвестиция, ІТ-технология, аса маңызды минералдар, азық-түлік қауіпсіздігі, білім және туризм салаларын перспективті бағыттар ретінде атады.  Сонымен қатар климат өзгерістерінің салдарын еңсеру қамында «БРИКС плюс» аясында сенімді серіктестік қатынастар қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Президент сөзін қорытындылай келе, «БРИКС плюс» форматындағы бірлескен әрекеттер Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланысты нығайтып, халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай күшейтуге және жаһандық прогресс үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.