Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министріне қазақстандықтардың апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Өз кезегінде Қанат Шарлапаев Президентке су басқан өңірлерде жаңа тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманың құнын бекіту жұмыстары аяқталғаны туралы баяндады.
Жалпы, биыл елімізде 18 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру және жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу жоспарлануда. Оны қаржыландыру көлемі 300 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар Министр Мемлекет басшысына өңдеу өнеркәсібінің өсімі туралы мәлімдеді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- 2024 жылдың 2 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі көрсеткішінің өсімі 7,4% құрады. Оның ішінде металлургия, машина жасау және химия өнеркәсіптерінің көрсеткіштері өте жақсы. Өткен жылы біз Қазақстанда кен орындарын геологиялық барлауға ашық және әділ аукцион жасағанымыз туралы да баяндадым. Алғаш рет бұл аукциондарға ірі халықаралық компаниялар қатысты. Бұл халықаралық инвесторлар тарапынан біздің тау-кен өнеркәсібіне үлкен қызығушылық тудыратынын білдіреді.