Президент халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Президент халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Ақордада халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық оқушылар марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге 24 лауреат келді, олардың 4-і алтын, 11-і күміс және 9-ы қола медаль иегерлері. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен. Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады. Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастарымыз жаһандық спорт және өнер додаларында жеңімпаз атанып, туымызды көкте желбіретіп жүр. Білім саласындағы беделіміз де артып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Оның 200-ге жуығы – алтын, 300-ден астамы – күміс, ал 500-ге жуығы – қола медаль. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Тағы да қайталап айтамын, біз әлемдік жарыста ел намысын қорғаған әр жеңімпазды мақтан тұтамыз.

Қазақстан Президенті білім беру саласына тартылатын инвестицияның стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті. Адами капитал - бұл ел дамуының басты қозғаушы күші. Бұл бағытта ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Еліміздің әр аймағында заманауи үлгідегі «Келешек мектептері» ашылуда. Мұғалім мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша мыңдаған жас азамат әлемнің озық оқу орындарында білім алды. Ал, келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздары да «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберіледі.

Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда топ жарған жастарға ғибратты сөзін арнап, қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады. Кейін жеңімпаздарға резиденция бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Әлихан Әшірханов, Биология пәні бойынша халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері:

- Олимпиадаға қатысушы еңбексүйгіш, өз ісіне адам және алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезді болуы керек деп ойлаймын.

Еңлік Бақытбекова, Химия пәні бойынша халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері:

- Болашақта еліміздің ғылым саласына үлес қосар азамат болғым келеді және сол бағытта еңбектенетін боламын. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?