Одан бір жыл бұрын Қазақстан БҰҰ-ның құрамына кірді. Сол кезден бері республикамызда ұйымның түрлі салаларда жобалық қызметті іске асыратын 27 агенттігі пайда болды. Олар экономикалық және әлеуметтік даму, адам құқықтары мен қоршаған ортаны қорғау, гендерлік теңдікті сақтау және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту сынды тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді көздейді.
Айта кетейік, бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы елімізде ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде 400-ден астам игі жобаны іске асырды. Тек қана биоалуантүрлікті сақтау және жер ресурстарын басқару бағытында ғана миллионнан астам қазақстандыққа нақты қолдау көрсетілді. Еліміздің 16 ауданында отандық шаруалар демеу көрді. Сонымен қатар 37 компания төмен көміртекті жобаларды қаржыландыру тетіктері арқылы 4 миллиард 700 миллион теңгегенің қаржылай қолдауын алды.
Куртмолла Абдулганиев, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің басшысы:
- Бұл әлеуетті жобалар БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы негіздемелік келісімде айқындалған басымдықтар аясында жүзеге асып келеді. Мен басында айтып кеткендей Қазақстанның өз міндеттемелерін мүлтіксіз орындауы өзара ынтымақтастықтың болашағы зор екенінінің көрсеткіші деп білемін. Яғни бұл Қазақстан алдағы уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының белсенді мүшесі болатынын және түрлі билік өкілдері мен агенттіктер арасында әріптестік нығая түсетінін білдіреді. Сондықтан жобалар саны кемінде осы деңгейде қалады деп үміттенеміз. Тіпті, өсу әлеуеті де баршылық деп сеніммен айта аламын.