Отандық тарих ғылымы үшін үлкен олжа. Ертіс өңірінің ғалымдары Қимақ қағанаты кезінде жақсы сақталған қорымдарды тапты. Олардың ішінде қимақ ақсүйегінің жауынгері мен жылқының сүйегі сақталған молалар бар. Сарапшылардың болжамынша, тарихи ескерткіштер IX-X ғасырларда пайда болған. Қимақ кезеңіне жататын қорымдар алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ашылған. Бірақ зерттелмей қалған. Кешенді қазба жұмыстары соңғы жылдары жанданған. Ал бірнеше жыл бұрын мұнда қимақ халқының тағы бір ақсүйек адамының жерленген жері мен дөңгелекті арба, сондай-ақ металл, ағаш, былғары және жібек маталардан жасалған жақсы сақталған түрлі артефактілер табылған.
Елена Тушева, археолог-ғалым:
- Бұл жерде орталық және шетте орналасқан молалар шоғырланған. Ортасында адам сүйегі бар, ал шетінде жылқы сүйектері көмілген. Бұған қарағанда мола дәулетті адамға тиесілі деуге болады. Кірпіш қалдықтары да бар. Осындай жерлеу дәстүрі Қазақ хандығы дәуіріне дейін жалғасқан.
Әлібек Қабылдин, археологиялық орталықтың қызметкері:
- Топырақ органикалық заттарды сақтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін ағаш, жібек материалдары табылды. Биыл да ағашпен бірге жерленген адам сүйегін таптық. Біз үшін ерекше дүние. Қазба жұмыстарын бірнеше аптадан соң аяқтаймыз. Кейін жұмыстарымызды зертханаларда жалғастырамыз.
Қазір археологтар жерлеу кешенін толығымен зерттеуі керек. Табылған артефактілерге алдымен балауыз жалатылады. Әрі қарай сандық рентген және компьютерлік томография көмегімен археологиялық орталықта мұқият зерттеледі.