Қазақстан Иран азаматтары үшін 14 күн визасыз режим енгізеді. Тиісті уағдаластыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тегеранға жасаған ресми сапарында қол жеткізілді. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне және елдердің көлік-логистикалық саладағы әлеуетін атап өтті. Осы ретте «Қазақстан-Түркменстан-Иран» теміржол тармағының мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай бар. Сапар шеңберінде Қазақстаннан Иран аумағы арқылы Түркияға алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты. Сондай-ақ, қос тарап Каспийдегі Ақтау мен Құрық, Амирабад және Анзали теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.