Парламент депутаттары демалысқа кетті

Парламент депутаттары демалысқа кетті

Қазақстандық депутаттар демалысқа кетті. Бүгін Парламент жетінші шақырылымның екінші сессиясының жұмысын аяқтады. Еңбек маусымын  төменгі палатаның спикері Ерлан Қошанов қорытындылады. Оның айтуынша, осы сессия кезінде қос палатаның жұмысында 127 заң жобасы болып, оның 78-і қабылданды. Мемлекет басшысы қол қойған 66 заң күшіне енді. Өз кезегінде атқарылған жұмыстарға халық қалаулылары бағаларын берді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бүгін Мәжіліс Спикері өз баяндамасында Парламент қабырғасында айтылған барлық ұсыныстар халықтың атынан жолданғанын және жұмыс әрі қарай да осы бағытта жалғасуы керектігін айтты. Сондықтан ешқандай сұрақ жеңіл-желпі қарастырылмауы керек. Бұл ретте, Президент беделді Парламент, есеп беретін Үкімет туралы айтып келеді. Сондықтан, қазіргі таңда біз бұл жұмысты қалыптастырылып келеміз деп ойлаймын, менің ойымша оны екінші сессиядағы белгілі бір жетістіктер көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, депутаттар демалыс барысында өңірлерді аралап, азаматтармен жеке кездесіп, өзекті мәселелерді талқылайды. Кейін ол проблемалар Парламенттің келесі сессиясында қаралады.

Ерлан Смайлов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Сіздер қазір менен сұрап отырсыздар, өңірлерді аралағаннан қандай пайда бар деп?! Біріншіден, азаматтармен жүзбе-жүз кездесудегі мақсат – халықты алаңдататын нақты мәселелерді естіп-білу, сондай-ақ аймақтардағы ахуалды көріп, өзгерістер бар ма, жоқ па, соны білу. Бұл жолы мен Теміртау металлургтерімен кездесуге, Шахтинск қаласына барамын, Қарағанды шахтерлерімен де кездесемін. Біздің фракция, Қазақстан Халық партиясының фракциясы кәсіподақтармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Үшінші сессия 1 қыркүйекте өз жұмысын бастайды. Депутаттар жыл соңына дейін Президенттің тапсырмасына сәйкес, ел  экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге және бизнес пен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталатын заңдарды қабылдауы тиіс.