Жамбылдағы жарылыс кезінде қираған нысандар алдағы 2 айда толық қалпына келтіріледі. Бұл іске 12 мердігер компания тартылған. Шығындарды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Төтенше жағдай сейсмикалық бақылау зертханасы тарапынан нысан иелеріне техникалық қорытынды берілді. Олардың жалпы саны – 120-ға жуық. Әсіресе 106 үй, 12 кәсіпкерлік ғимаратқа қатты зақым келген. Сондай-ақ Жібек жолы ауылындағы бір мектеп қирап қалды.
Айта кетейік, алдағы уақытта төтенше жағдайларға арналған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді.
Қайрат Ысмаил, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:
- Жарылыс болған жерге Қайнар ауылы жақын орналасқан. Ол әскери бөлімнен 420 метр қашықтықта орналасқан. Онда 19 үй елеулі зардап шегіп отыр. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Баспанасыз қалған тұрғындарға облыс әкімінің тапсырмасымен әскери палатка құрылып, дүние-мүліктерін сақтайтын жағдай жасалды. Қазіргі кезде барлық құрылыс компаниясы қарқынды жұмысты бастап, 2 ай ішінде, белгіленген мерзімде аяқтаймыз деп отыр.