Қазақстанда эпидахуал оптимистік болжамға сай жүріп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Еліміздің Бас дәрігері вакцинацияның тиімділігін алға тартып отыр. Сөзі дәйекті болу үшін нақты статистикалық деректерге жүгінді. Мәселен, иммундау науқанынан өткендер арасында қатерлі дертке шалдығу көрсеткіші не бәрі 0,1% құраған. Ал қалған 99,9% науқастанудың үлесі қажетті екпені алмаған жандарға тиесілі екендігі анықталған.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Екпе алмағандар арасында COVID-19-дан өлім-жітім үлесі 97,7%құрайды. Ал вакцина алғандар арасында қайтыс болғандар 2,3% құрап отыр. Бұл ретте олардың ауыр созылмалы аурулары болған. Бұл факті COVID-19-дің ауыр салдарының алдын алудағы вакцинацияның тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Елімізде «дельта» штамының анықталуына байланысты шілде айында науқастанудың өсімі тіркелді. Дегенмен тамыз айының басынан бастап коронавирус инфекциясымен науқастану өсімінің баяулауы және Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 бойынша эпидахуалдың тұрақтануы байқалады.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин вакцинацияның маңызын ескертіп өтті.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Вакциналау қарқынын күшейту қажет. Бұл мәселені, әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдері бақылауға алуы және тамызда вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Асқар Мамин барлық өңірде эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталып, бұл орайда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды өңірлерінің басшыларына қажетті іс-шараларды күшейтуді тапсырды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов