Пәкістан Қазақстанға Үнді мұхитына шығуға көмектеседі

Пәкістанның ірі логистикалық компаниясы Қазақстанға Үнді мұхитына шығуға көмектеспекші. Бұл отандық тауарлардың Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Африка нарығына шығуын қамтамасыз етеді. Бұл туралы «Kazakh Invest» хабарлайды. Ақпаратқа сәйкес, холдинг Қазақстан-Пәкістан бағытындағы көлік-логистикалық дәліздерді қаржыландыра алады. Атап айтқанда, ол Орталық Азия елдері мен Ауғанстан, Ислам Республикасының порттары арқылы Үнді мұхитына шығатын бағытты құрады. Әзірге қос тарап инфрақұрылымды дамыту саласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды талқылады. Айта кету керек, бүгінде Қазақстан шекарасынан Карачи теңіз портына дейін жеткізілім уақыты шамамен 11-12 күнді құрайды. Өз кезегінде пәкістандық кәсіпкерлер Қазақстан арқылы өтетін 13 халықаралық көлік дәлізінің арқасында өз тауарларын Қытайға, сондай-ақ ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне экспорттай алады.