Oxford басылымындағы тұңғыш ағылшын-қазақ сөздігі шығарылды

Oxford басылымындағы тұңғыш ағылшын-қазақ сөздігі шығарылды

Қазақ тілі жаһандық лингвистикалық қауымдастық қатарына қосылды. Жаңа қазақ-ағылшын сөздігі бүкіләлемдік Oxford Global Languages жобасының бір мүшесі ретінде танылмақ. Бүгінде дәл осы тұғырнама – әлемдегі ең кеңінен таралған және беделді желі. Себебі 100 астам тілді бір арнаға тоғыстырып отыр. Сөздік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрастырылған. Бұл жинақта қазіргі заманауи қазақ және ағылшын тілдерінің ерекшеліктері ескерілген. Oxford Qazaq Dictionary құрамында 60 мыңнан астам сөз бар. Оның ішінде жаңадан мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы және сауда салаларындағы аудармалар енгізілді. Одан бөлек, сөздікте грамматика ережелері бойынша шағын нұсқаулық, дұрыс сөйлеу мен орфография, сонымен қатар іскерлік пен электрондық хат алмасу бойынша ережелер кірді. Бұл кітапты шығару үшін 4 жыл бойы еліміздің 50 астам тәжірибелі лингвистері аянбай жұмыс істеді. Сөздік таралымы 10 мың дана болмақ.

Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті:
-
Негіз ретінде біз танымал Оксфорд сөздіктерінің құрылымын, әдістемелік технологиясын және тізбегін алдық. Себебі, дәл осы сөздік бүкіл әлемдегі ең сенімді, беделді әрі танымал сөздік ретінде танылған. Оксфорд болса, өз сараптамасын жасап, көмектесті. Сонымен қатар біздің тіл тану институты да қатысты. Сондықтан, біздің жұмысымыз жан-жақты тексерістен өтті.