Қазақстан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеп жатыр. Қазір еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл маңызды іске қажетті құжаттарды дайындауға кірісіп кетті. Жоба Дүниежүзілік банк бөлген грант есебінен жүзеге аспақ. Ол үш негізгі бағыттан тұрады.
Алғашқысы – Солтүстік Арал және Сырдария өзенінің инфрақұрылымын дамыту және гидрологиялық жағдайын жақсарту.
Келесі кезекте – Қызылорда облысындағы тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық ахуалды қолдау мен жақсарту көзделген.
Соңғысы– су ресурстарын басқарудың ақпараттық базасы мен жүйелерін жаңарту шараларын қамтиды. Жобаның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Көкарал бөгеті салынды және Солтүстік Аралдағы су көлемі 27 млрд текше метрден асты. Екінші кезең су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту және су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыруға арналған.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңінің жұмыстары бар. Сол екінші кезеңге гидротехникалық құрылыстарды жүргізу осы жобаға кіріп отыр. Бүгінгі күні тиісті құжаттар жиналды. Енді мемлекеттік сараптама өткізіледі. Мемлекеттік сараптама өткізілгеннен кейін әрі қарай заң аясында жұмыстар жүргізіледі.
Айта кетейік, осы жылдың басында Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету Қазақстанға өтті. Каспий және Арал теңіздерінің экологиялық мәселелерін шешу үшін күш біріктіру қажеттігі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 шілде күні Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында мәлімдеді.