Оркестрдің ғажап үні, отандық композиторлардың керемет музыкасы, жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлік, солистердің дауысы, көз тамсандырар декорация мен әртістердің костюмдері. «Астана Опера» XI театр маусымын Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашты. Аты аңызға айналған спектакль елордалық театр репертуарының ажырамас бөлігіне айналғанына қарамастан, бас дирижердің интерпретациясының арқасында ол тағы да жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Алан Бөрібаев партитура мәтінімен көп әрі тыңғылықты жұмыс істеген. Көрермендердің пікірінше, қойылымның жоғары деңгейінің, жарқын кейіпкерлер шоғыры мен ұлттық жауһарға деген жаңа көзқарастың арқасында «Абай» операсы әлемдік классиканың мәңгі өшпес туындыларымен бірге тайсалмай бір қатарда тұра алады. Маусымның ашылуында рөлдерді белгілі театр солистері сомдады. Бұл жолы басты роль Жанат Шыбықбаев пен Мейір Байнешке бұйырды. Тамаша сопрано Айгүл Ниязова Ажардың, Қарлығаштың партиясын Татьяна Вицинская шебер орындап шықты.
Алан Бөрібаев, «Астана опера» театрының бас дирижёрі:
-Білесіз бе, бүгін шын
мәнінде мереке. 10 жылдық межеден өтіп, 11-ші маусымды ашып отырмыз. Жаңа
онжылдыққа басталып та кетті, театр кеше
ғана ашылған сияқты еді. Аз ғана уақыттың ішінде әріптестерім көптеген
жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда бұл премьералар, сонымен қатар бірінші
кезекте, әрине, солистердің кәсіби шеберлігі,
көрермендермен тығыз байланыста болуы. Біздің театрдың міндеті ең
бірініші кезекте, ұлттық өнерді және Абай операсы сияқты жауһар туындыларға
қолдау білдіру. Қазірдің өзінде бұл қойылым театрымыздың визит карточкасына
айналған. Бүгінде біз спектакльді бірнеше рет елімізде, сондай-ақ, шетелде
қойып үлгердік.