Канада астанасында коронавирустық шектеулерге қарсы наразылық шарасына шыққан 200-ге жуық адам ұсталды. Тәртіп сақшылары демонстранттарды ел астанасы Оттава орталығынан ығыстырды. Ондаған көлік эвакуацияланды. Операция бірнеше күн бойы жалғасуда. Тәртіп сақшылары ереуіл қайта жанданбауы үшін бірнеше тасжолды бөгеп тастады, 100-ден астам бақылау-өткізу бөгеттері құрылды.
Еске салайық, Канадада жүк тасымалдаушылардың коронавирустық шектеулерге қарсы шеруі қаңтар айының соңында басталған еді. Наразылық білдірушілер – жүк көліктерінің жүргізушілері.
Стив Белл, Оттава полициясының өкілі:
- Ереуілдерден зарзап шеккен аймақтарда тазарту жұмыстары басталды. Әзірге барлық блокбекет жұмысын штаттық режимде жалғастыратын болады. Тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамыз. Заңсыз жиналған наразылар тарқамаса, қамауға алынатынын ескертеміз.