Қазақстан Наурыз мейрамын атап өтті

Қазақстан Наурыз мейрамын атап өтті

Қазақстанда Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді. Еліміздің әр өңірінде Ұлыстың ұлы күні бар сән-салтанатымен ұлықталды. Елорданың төрінде әуезді де әуенді бағдарлама әуеледі. ЭКСПО көрме орталығында этноуыл ашылды. Оның аумағында киіз үйлер құрылып, қолөнершілер көрмесі қанат жайды. Спорттық ойындардан түрлі тартыстар ұйымдастырылды. Ел халқын Мемлекет басшысы құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың ұлық мейрамы ата дәстүрімізді жаңғыртқан, игілікті істердің бастауы екенін атап өтті. 2025 жыл бірнеше маңызды оқиғамен ұштаспақ. Биыл Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Тәуелсіздіктің 40 жылдығы да алыс емес. Президент «біздің міндетіміз - жаңа геосаяси жағдайға бейімделген мықты әрі озық мемлекет болу», деп атап өтті.

Мерекелік концертке Қазақстанды мекен еткен этностардың өкілдері тегістей ағылды. Көктемнің шуақты күніндегі думанға ортақтасу үшін  бас шаҺарға шетелден қолөнершілер де келді. Олар жергілікті қауымға өз туындыларын паш етті. Ұлттық спорт түрлерімен айналысатын спортшылар да өз өнерлерін ортаға салды. Мергендер, палуандар мен өзге де ұлттық спорт түрлерінің шеберлері меймандарды дәстүрлі ойындардың қыр-сырымен таныстырды.

Алматыда да мереке кеңінен тойланды. Абай алаңында Наурыз фест фестивалі өтті. Бұл дәстүрлер мен технологияларды тоғыстыған бірегей шара. Ол жерде көпшілік назарына Ұлы дала көшпенділерінің тұрмыстық салтымен қатар заманауи кинетикалық өтпел ұсынылып, құлтемірлер жарысы өтті. Ал, мына алаңда кітап жәрмеңкесі өтті. Онда авторлар өз туындыларын таныстырды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?