Отандық режиссер Елбасы кітапханасының музейіне ерекше тарту жасады

Отандық режиссер Елбасы кітапханасының музейіне ерекше тарту жасады

Құнды тарихи кадрлар музейде сақталады. Режиссер Оралбек Сарыбасов ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейіне ерекше тарту жасады. Автор жеке мұрағатынан сонау 1991 жылы Алматы қаласында өткен Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімінен, сондай-ақ салтанатты шарадан кейін Шәкір Әбенов есімді ақсақалдың Тұңғыш Президентке берген батасы жазылған ерекше кадрларды ұсынды.

Бірегей кадр 1993 жылы «Бата» атты 20 минуттық фильмге жинақталып, жарыққа шыққанын айта кеткен жөн. Бүгінде деректі фильмнің түпнұсқасы Елбасы кітапханасына беріліп, болашақта материал тек сақталып қана қоймай, ғылыми-экспозициялық жобаларда пайдаланылады.

Оралбек Сарыбасов, режиссер:

- Қазақ «батаменен ел көгерер» дейді. Елбасының тұңғыш ұлықтау сәтінде жас болсақ та, операторды ертіп алып қалт еткен кездерін жібермей түсіріп алғанымызға қуанамыз. Бата алу – қазақ халқының бір табалдырықтан екіншісіне аттауы. Кадрда егемендік алған жылдағы Тұңғыш Президенттің ұлықтау сәтіндегі бата алып тұрған кезі бейнеленген. Міне, батаменен көгеріп 30 жылдыққа аман-есен жетіп отырмыз.

Айта кетейік, тарихи кадрларды көрермен «Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі аясында 2022 жылдың 28 қаңтарына дейін Елбасы кітапханасының музейінен тамашалай алады. Сондай-ақ экспозицияға Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуынан сыр шертетін тарихи құжаттар мен материалдар, фотосуреттер де қойылған.

Авторы: Ақзер Сегізбай