ҰҚШҰ Қазақстанда қаңтарда болған оқиғалар бойынша арнайы жұмыс тобын құрды. Бұл туралы ұйымның Бас хатшысы Станислав Зась мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл осындай дағдарысты бірлесе шешудің алғашқы тәжірибесі және операция қолданыстағы тетіктердің тиімділігін көрсетті. Ұйым алдағы уақытта дағдарыс кезінде әрекет ету күштерін жетілдіріп, биологиялық қорғаныс жүйесін құруға ниетті.
Марат Сыздықов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- ҰҚШҰ күштерінің Қазақстанда болуы терроризмге қарсы операцияға баса назар аударуға мүмкіндік берді. ҰҚШҰ күштері стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар нысандарды күзетумен айналысты. Жалпы аталған әскери контингенттің Қазақстанда болуы елдегі жағдайды тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды. Қазір қоғамның қатысуымен болған оқиғаларды жан-жақты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Станислав Зась, ҰҚШҰ Бас хатшысы:
- Қажеттілік болған жағдайда тиісті шешім қабылданса, кез келген жерде әрекет етуге барлық мүмкіндік пен механизміміз бар. Біз оны жыл сайын еліміздегі оқу-жаттығу жиындары кезінде пысықтап тұрамыз.