Қазақстанда бірінші сынып оқушылары үшін жаңа пән енгізіледі. Биылғы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап оқушылар цифрлық сауаттылықты меңгере бастайды.
Гүлмира Кәрімова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы:
- Бірінші сынып оқушылары өте жан-жақты, алғыр. Олар мектепке дейінгі жастан мобильді қосымшаларды, смарт телефондарды, компьютерлік техниканы жақсы меңгеріп алады. Компьютерді өз бетінше қосып, сүйікті мультфильмін немесе танымдық фильмдерін қосып ала алады. Жаңа оқу бағдарламасының міндетті шарты – сандық қауіпсіздік, сандық гигиена. Бірінші сыныптан бастап осы ақпарат оқу жоспары аясында пысықталып жатыр.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі мәлімдегендей, 4-сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және 5-11 сыныптарға арналған «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралды. Олар балалардың IT саласында сапалы білім алуы үшін жаңартылды. Мектеп бағдарламасы аясында бағдарламалаудың әртүрлі тілдері, оның ішінде ең танымал «Python» оқытылады. Сондай-ақ 5-9 сынып балалары 3D-модельдеу және 3D-принтинг бойынша дәріс алады.
Авторы: Ақзер Сегізбай