Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауына қатысатын кандидаттарға берілетін қол жинау парағын беру уақытын 5 күннен 2 күнге дейін қысқартты.
Бұл туралы брифингте айтылды. Сонымен қатар, үміткерлер жинаған қолдың дұрыстығын тексеру мерзімі 10-нан 5 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды. Еске салайық, әрбір үміткер 118 мың қол жинауы керек. Қазір елімізде 11 миллионнан астам сайлауға құқығы бар азамат тіркелген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОСК төрағасы:
Осылайша мерзімдерді қысқарту есебінен кандидаттарға қол жинауға көбірек уақыт берілді. Осыған байланысты жергілікті сайлау комиссияларына өтініш білдіремін. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен мерзімдерді қатаң сақтау қажет.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелерінде мүгедек және ерекше күтімді қажет ететін жандарға жағдай жасау мәселесін де қарады. Комиссия мүшелері атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар дауыс беруге арналған ғимаратқа кіреберісте тұтқа, пандус сияқты қажетті керек-жарақты қарастыруы тиіс.Мүмкіндігінше дауыс беру кабиналары ғимараттың бірінші қабатында орналасқаны жөн. Ал, жоғары қабатта болса, көтерілуге жағдайы жасалуы тиіс.