Орталық Азияның ішкі саудадағы әлеуеті қандай

Орталық Азияның ішкі саудасын 15 млрд долларға дейін жеткізудің әлеуеті зор. Экономист Сапарбай Жұмаевтың пікірінше, ол үшін барлық алғы шарттар бар. Тек соңғы 5 жылда өңір елдерінің өзара тауарайналымы екі есеге жуық өскен. Былтырдың өзінде бестіктің алыс-берісі 25% жоғарылап, АҚШ валютасында 11 млрд долларға жетті. Қазақстанның да Орталық Азия елдері мен саудасы үштен бірге ұлғайып 8 млрд долларды құрады. Сарапшы көрсеткішті ұлғайту қамында өңірде біртұтас кеңістік құрылып, ынтымақтастықтың берік тұғыры қалыптасқанын айтады.

Мәселен жақында Астанада Орталық Азия Саммитінде бірқатар маңызды құжатқа қол қойылғанын тілге тиек етті. Оның ішінде «Орталық Азия-2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы және өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы бар. Өңір жаһандық көлік қатынасының басты тармағына айналып келеді. Қазақстан өзі¬нің серіктестерімен Орта дәлізді дамытып жатыр. Осы бағытпен тасымалдана¬тын жүк көлемі орта мерзімде 5 есеге артуы мүмкін. Бұл – табиғи қоры мен адам капиталы мол өңір. Сондықтан сарапшы елдер ортақ мүдеге ұйып, осы әлеуетті бірігіп кәдеге жаратса игі екенін тілге тиек етті.  

Сапарбай Жұмаев, экономист:

– Әсіресе өңдеу саласында біздің әлеуетіміз өте жоғары. Өзара сатып алатын нәрсені алыс шетелдерден емес, өзіміздің көршілерде өндірілетін көп өнімдер бар, соларды сатып алатын болсақ біздегі қайта өңделген өндірістік тауарларға сұраныс көбейеді. Осы әлеуетті барынша пайдалануымыз керек. Энергетика саласында, кейін Транскаспий көліктік бағыты бойынша да әлеуеттерімізді көбірек пайдалана аламыз.  Каспий арқылы, Кавказ мемлекеттері, Әзербайжан арқылы Еуропаға шығу арқылы бұл біздің үлкен транзиттік әлеуетті пайдаланғанымызды көрсетеді.