Қазақстан делегациясы Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясының құрылысымен танысты

Қазақстан Түркиядағы «Аккую» Атом электр станциясының тәжірибесін енгізуге мүдделі.  Отандық мамандардан құралған делегация станцияның құрылыс барысымен танысты. Енді түрік елінің  бірқатар технологиясын өз елімізде қолданысқа енгізу көзделіп отыр.

Жәнібек Байдолла, стратегиялық бастамалар орталығының басқарушы директоры:

– Әрине, бұл жұмыс Қазақстанда жалғасады. Оған кәсіби бейімделген мықты сарапшыларды тартамыз. Мысалы, мұнда инженерлермен, электрмен жабдықтау және қуат беру бөлігінде жұмыс істейтін қызметкерлермен тікелей тілдесуге мүмкіндігіміз болды.

«Аккую» атом электр станциясы іске қосылғаннан кейін жылына орта есеппен 35 миллиард кВт/сағат өндіреді деп болжануда. Бұл елдегі электр энергияға сұраныстың 10 процентін қамтамасыз етуге жеткілікті. Айта кетейік, жоба Түркия мен Ресейдің үкіметаралық келісімі аясында жүзеге асырылуда.

Ержан Құдайберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

– Президентіміз біздің алдымызға қойған мақсаты – біз қалайда ішкі сұранысты қамтамасыз етуіміз керек. Соның жолдарының бірі – бүгінгі таңда ғылымның жетістігі, техниканың жетістігіне сүйене келсек, бұл атом станциялары болып тұр. Өйткені әлемде дамып келе жатқан процес. Сондықтан да атом станциясын өзімізде құрсақ өте тиімді болатынына көзіміз жетіп тұр.

Мамандардың дерегіне сүйенсек,  Түркияда атом электр станциясының іске қосылуы атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды азайтуға көмектеседі. Көмір мен газ арқылы өндірілетін электр энергиясын  алмастыру  - зиянды заттардың көлемін жылына 17 миллион тоннаға дейін қысқартады.