Еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Иранның ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садати Неджад осы бағытағы ынтымақтастық аясын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Шетелдік мейман, жергілікті нарыққа цитрус өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл орайда ол, темір жол және теңіз арқылы тасымалдың инфроқұрылымын дамыту маңызды екенін тілге тиек етті. Сондықтан, тараптар алдымен көлік-логистикасын, оның ішінде «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін жетілдіруге басымдық бермек. Жол картасын іске асыру аясында 2025 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Иран Қазақстанның Парсы шығанағындағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы өткен жылы қаңтар-қараша айларында шамамен 500 млн. доларды құрап, 20%-ке өсті. Дегенмен, біз өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша бұданда жоғары әлеуетті көріп отырмыз. Біз Иран нарығына жалпы құны шамамен 250 млн. доларды құрайтын 75 тауар позициясын жеткізуге дайынбыз.
Айта кетейік, Қазақстан Иранды Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттеріне отандық өнім экспортының көлемін алты жүз миллион долларға дейін арттыруға мүмкіндік беретін сауда торабы ретінде қарастырады. Сондай-ақ, тараптар өзара жалпы тауарайналымы көлемін 3 млрд долларға дейін жеткізуді межелеп отыр.