Халықаралық бағалауларға сүйенсек, алдағы 10 жылдың ішінде өңірдің тікелей шетелдік қаржы тарту мүмкіндігі 170 млрд долларға дейін жетуі әбден мүмкін. Оның ішінде аймақтың шикізаттық емес саласына 80 млрд долларға дейін инвестиция салынады деп күтілуде. Елордада «Орталық Азия-2030: болашақтың келбеті» атты жиында бас қосқан аймақ сарапшылары осылай деп отыр. Мамандар кейінгі 5 жылда аймақ елдері арасында ішкі тауар айналымы 50% артқанын айтады. Қазір экономикалық әріптестікті одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды логистикалық жобалар қолға алынып жатыр. Іскерлік байланыстардың қарқын ала түскені көптеген салаларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейгенінен байқалып отыр. Ендігі мақсат – бес мемлекет болып бірігіп, ортақ түйткілдерді тарқату, әлеуетті барынша пайдалану. Бұл ретте, Қазақстанның үлесі айрықша дейді, жиынға қатысушы тарап өкілдері.
Хайриддин Усмонзода, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялқ зерттеулер орталығының директоры:
- Қазақстан Республикасы өзінің әлеуеті мен орналасуына байланысты Орталық Азия елдерінің барлығы үшін өте тартымды. Өйткені өңірдің тартылыс күшінің орталығына айналу үшін ең алдымен ресурс қажет. Саяси және экономикалық тұрғыда осы рессурстардың дені Қазақстанда шоғырланғанын ерекше атап өткім келеді. Сондықтан Тәжікстан Республикасы әрдайым Қазақстанмен тығыз достық қарым-қатынас орнатуға мүделік танытады.
Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:
- Мемлекеттердің арасында көлік жолдарын дамыту, сондай-ақ ауыз су мәселесі, климаттың өзгеруі сияқты сондай көптеген проблемалар бар. Соны сәйкестендіріп қандай шешім жолдары бар екенін табу біз үшін үлкен міндет. Сондықтан осы сарапшылар кездесуі ұйымдастырылып отыр.