Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты эпидахуал нашарлап кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұған омикрон нұсқасының таралуы себеп болып отыр. Ақмола облысында үш мың резервтік төсек-орын дайындалды. Жұқпалы аурулар ауруханаларында негізгі дәрі-дәрмек қорынан бөлек, шамамен 50 млн теңгеге дәрі-дәрмек қоры жасалған.
Қарағанды облысында 400-ге жуық адам ауруханада ем қабылдауда. Оның ішінде 20-дан астам науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Маңғыстау облысында төсек-орынның үштен бірі бос емес. Бүгінде вирусты жұқтырғандардың басым бөлігі Ақтауда шоғырланған. Атырауда да эпидемиологиялық жағдай ушығып барады. Өңірде карантин шаралары қайта күшейді. Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарында да инфекцияға шалдығу деңгейі артқан. Дәрігерлер иммундаудан өту қауіпті індетпен күресудің жалғыз жолы деп отыр.
Алтын Досанова, облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары:
- Түркістан облысына 1 млн 46 мың доза вакцина жеткізілген. Бірінші компонентпен вакцина қабылдағандар 99% құрайды. Яғни 1 044 764 адам бірінші компонентпен қамтылды. Екінші кезең бойынша 1 029 131 адам, яғни 98,4% құрайды. Бүгінгі таңда 40 952 адам толық үш компонентпен қамтылды.