COVID-19: елордадағы стационарлар лық толы

Науқасқа толы стационарлар, коронавирус-науқастарға көмек көрсету үшін қайта жарақталған ауруханалар. Өкінішке қарай, Қазақстандағы коронавирус пандемиясының жаңа толқынының бүгінгі сипаты осындай.

Елордадағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының жанынан ковид-стационар ашылды. Қазір мұндағы жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппаратына 12 пациент қосылған. Ең жас науқас – 30-да болса, ең егдесі – 84 жаста. Қызметкерлердің айтуынша, жасанды тыныс алу құралына қосылған әрбір оныншы адам дәрігерлердің тырысқанына қарамастан көз жұмады екен. Алайда бүгінгі күні бұл стационарда мыңнан аса пациент ем-дом алып, сауығып шыққан. Дегенмен жүктеме азаяр емес.  

Павел Останин, жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

- Біреулер ауырып үйінде жатады. Өзінен өзі жазылып кетеді деп ойлайды. Ақырында мұның соңы қайғылы аяқталып жаиады. Сатурация деңгейі 40% болып, ессіз күйде түсіп жатады. Әрине, біз әр пациенттің өмірі үшін күресеміз. Міне, мына жақта жаңадан түскен науқастар орналасқан. Ал реанимацияда пациент кем дегенде екі апта жатады. Жалпы ондағы орташа мерзім – 21 күн. Адам толықтай сауығып шығу үшін 50 күн қажет. Биылғы жаздағы пандемияның негізгі мәселесі: адамдардың әлеуметтік тәртіпті сақтамағандықтан пациенттердің саны күрт өскен.

Дәрігерлердің айтуынша, аурудың белгілері өзгерген. Бұрын негізінен науқастардың өкпесі қабынса, қазір үштен бірінің асқазан-ішек жолдары, жүйке жүйесі және буындары зақымданады. Бұл да аурудың ауыр түрде өтуіне әсер етеді. Пациенттерді сауықтыруға көптеген маман тартуға тура келеді. Сол себепті дәрігерлер қазақстандықтарды қауіпсіздік шараларын сақтап, вакциналануға шақырады.