Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық
ынтымақтастықты дамыту әлеуеті Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо
Маттарелланың кездесуі барысында талқыланды. Мемлекет басшысы
Италия делегациясына ілтипат білдіре отырып, бұл кездесу өзара мүддеге сай
келетін екіжақты қатынастардың маңызды аспектілері мен перспективаларын
егжей-текжейлі талқылау үшін оңтайлы мүмкіндік екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі мемлекет түрлі салада тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біздің нарықта
біраз италиялық компания жұмыс істейді. Олардың қатары қарқынды артып келеді. Мәдени-гуманитарлық
байланыстарымыз да ойдағыдай дамып жатыр. Сондықтан, елдеріміздің арасында
берік ынтымақтастық қалыптасқан деп санаймын.
Италия Президентінің айтуынша, бұл кездесу екі ел арасындағы шынайы достықтың көрінісі. Сонымен қатар, Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа құшақ жая қарсы алғаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын жоғары бағалап, өзара стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Серджо Маттарелла, Италия Президенті:
– Біз шын мәнінде барлық бағытта, соның ішінде саяси, экономикалық, сауда
және мәдени салаларда тамаша байланыс орнаттық.
Бүгінде Италия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің арасында үшінші
орын алады. Сондай-ақ, экономикамызға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына
кіреді. Былтыр өзара сауда айналымы 20 млрд долларға жуықтаған. Қазақстанда
кәсібін жүргізетін 250-ге тарта италиялық компания мұнай-газ, жаңартылатын
энергия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына елеулі үлес
қосып келеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

