Қазақтың дәстүрлі биі мен классикалық балеттің үндестігі. «Астана Опера» театрының сахнасында «Nomad Inspiration» бағдарламасының премьерасы өтті. Жарқын оқиға дарынды балетмейстер Сұлтанбек Ғұмардың хореографиялық жұмыстары мен HasSak этно-фольклорлық ансамблінің бірегей аспаптық музыкасын біріктірді. Қойылым барысында аталған ұжымның бірқатар жаңа туындысының тұсауы кесілді. Сонымен қатар «Астана опера» симфониялық оркесторының сүйемелдеуінде қазақ халқының құндылықтары мен ұлттық мәдениетін айшықтайтын отандық сазгерлердің шығармалары орындалды. Ұлы даланың тұрмыстық салтынан сыр шертер көріністер көрермендерге балет труппасының кербез биі арқылы жеткізілді. Ұлттық нақышқа қанық заманауи қойылымның сахналық әрлеуі мен мазмұндық қамтылуы талғампаз өнер сүйер қауымды бей-жай қалдырмағаны анық.
Сұлтанбек Ғұмар, Қоюшы хореограф, «Астана Опера» театрының балет солисті:
- «Аралым», «Әлем» және «Тойбастар» атты балеттік қойылымдардың тұсаукесері болды осы кеште. Оған дейін біз «HasSak» тобымен коллаборация жасаған болатынбыз. Олардың «Аманат» атты шығармаларына «Рух» биін қойған болатынмын. Соны бірге осы үлкен залда бергенен кейін, халықтың ыстық ықыласына бөлініп, сұранысқа ие болғандықтан, біз осындай бірлескен жұмыс қоюды шешіп отырмыз.
Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» театрының балет труппасының көркемдік жетекшісі:
- Қазір ұлттық тақырыптарды дамыту өте маңызды. Бұл іске жас хореографтар мен дарынды музыканттарды тарту керек деп санаймын. Қазақстанда жас хореогроф өсіп келеді. Мен оған үлкен үміт артып отырмын. Ол өте дарынды. Ерекше талғамы мен заманауи көзқарасы бар. Өзі де би қозғалысымен өзгелерден ерек тұрады. Қызықты ойлары бар. Бұл өте қызықты жоба және Астана Операның үлкен жетістігі деп ойлаймын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

