Қоқысты өңдеу ісімен пайдаға кенеліп, экожүйені құтқаруға үлес қосу. Қазақстанда жыл басында іске қосылған «EcoQolday» цифрлық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның арқасында шикізатты қайта өңдеу көлемі осы жылдың бірінші ширегінде 23 мың тоннаға жетті. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл жоба қалдықтарды өңдеу, тасымалдау, сұрыптау мен жою жұмыстарын толықтай өзгерткен. Сонымен қатар ол осы бағыттағы кәсіпкерлер мен жаңадан бастағысы келетіндерді біріктіретін ерекше платформаға айналды.
Хайрулла Қайратғали, «ӨКМ Операторы» ЖШС Стратегиялық мәселелер жөніндегі басқарушы директор:
- Біз жиналған қалдықтың әр килограмына, тоннасына субсидия береміз. Бізбен келісімшарт жасасқаннан кейін қалдықтарды жинап, оларды «EcoQolday» жүйесіне орналастырады. Онда барлық кәдеге жаратушы көріп, өз бағаларын ұсынады. Бұл – құрастырушылар мен қайта өңдеушілер қатысатын веб-нұсқасы.
Жобаны әзірлеушілер «EcoQolday» цифрлық палтформасымен шектелген жоқ. Олардың ойынша, экомәдениет балалық шақтан бастап қалыптасуы керек.
Экобелсенділердің ұсынысымен елордада бірінші экологиялық театр құрылды. Мұнда кішкентай көрермендерге түсінікті әрі ойын түрінде қоқысты сұрыптау мен қайта кәдеге жарату және қоршаған ортаға жанашыр болудың пайдасы түсіндіріледі.
Құралай Түспекова, Ұлттық Дельфий комитетінің директоры, эко-театрдың көркемдік жетекшісі:
- Жыл бойы біздің қазақстандық авторлар, педагогтер мен мұғалімдер жазған экологиялық ертегілердің қойылымдары өтеді. Қатысуға қаламыздың оқушыларын шақырамыз. Балалар қайталама шикізаттан қолөнер жасау сияқты барлық белсенділікке тартылатын болады. Біз тұрмыстық қатты қалдықтармен де жұмыс істейміз.
Мамыр айында эко-театр кішкентай көрермендеріне экологиялық ертегілер желісімен жазылған екі қойылымды ұсынбақ. Оның сценарийін қазақстандық ұстаздар мен мамандар жазған.