Қазақстандық қолөнер шеберлеріне зергерлік өнердің қай-қайсы да таңсық емес. Әлемге танымал майталмандар да бар. Таяуда олар Бұқарада өткен халықаралық зергерлер фестиваліне қатысып, қазақтың салт-дәстүрін насихаттады. 40-тан астам мемлекеттің зер шеберлері барған іс-шарада отандастарымыз өзіндік қолтаңбаларымен танылып үлгерді. Мәселен, Айжан Әбдубаит Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи қабірінің жаңа жапқышын алтын жіптен әзірлеп жатыр. Алты айда жапқыштың үштен бір бөлігін тоқып үлгерген.
Айжан Әбдубаит, қолөнер шебері:
– Тарихымызға үңіліп қарасақ, бұл ұмытылып бара жатқан өнер екен. Сондықтан мен 1988 жылдары совет үкіметінің суретшілер одағында болдым. Еңбек еттік. Суреттер салдық сол заманға сай. Ал енді өзіміздің қазақтың мұндай өнері тұрғанда осыны зерттеп, жаңғыртып, кейінге ұрпаққа жеткізу үшін 30 жылымды арнадым.
Қазақстандық шебер Икрам Мұхамеджан күмістен жасалған әшекей бұйымдарын көпшілік назарына паш етті. Зергер өз жұмыстарында көнеден жеткен ою-өрнектің сырына қанығып,өз орнымен қолдануға мән береді.
Икрам Мұхамеджан, суретші, зерге:
– Әрбір оюдың мағынасы болады. Мысалы қошқармүйіз. Қой жақсы ғой. Ол береке әкеледі, байлық, ұрпақ көптігі деген сөз. Басқа тепе-теңдік деген бар. Жас қыздар тағатын жүзіктер бар. Жасы үлкендеу әйелдер тағатыны бөлек болады. Мен жасағандардың ішінде құдағи, шаңырақ жүзік деген бар.