Назарбаев Университеті студенттерінің жобасы синтетикалық биологиядан халықаралық байқауда алтын жеңіп алды. Топырақ пен суды мұнай қалдықтарынан және басқа да ластанулардан экологиялық жолмен тазарту бойынша қазақстандық жас ғалымдардың жобасы әлемнің үздік жоғары оқу орындары студенттерінің әзірлемелерін басып озды. Халықаралық байқауға қатысушылар қатарында Стэнфорд, Гарвард, Оксфорд, Париж және Массачусетс технологиялық институттары, сондай-ақ Джонс Хопкинс университеті бар.
Малика Василова, Назарбаев Университетінің студенті:
- Біз – ғылыми жобаны дамыту үшін жиналған ғылыми бағыттағы топ мүшелеріміз. IGEM – синтетикалық биологиядан халықаралық байқау. «NU Kazakhstan» атты клубымыз – Орталық Азиядағы жалғыз команда. Біз гендік инженерияны негізге ала отырып, бактерия геномын өңдедік. Нәтижесінде мұнай ластануларын жою үшін биоремедиацияға арналған арнайы заттар шығаруға болады.
Әрсен Оразбек, Назарбаев Университетінің студенті:
- Біздің жобамыз бірегей. Себебі біз ұсынып отырған тәсіл – қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді, яғни экологиялық таза әдіс. Болашақта оны Каспий теңізінде, шет мемлекеттерде мұнай қалдықтарын тазалау үшін пайдалануға болады.
Байқауға әлемнің 45 елінен барлығы 355 команда қатысты. Қазақстандық студенттердің жарты жыл көлемінде жасаған әзірлемелері бірден 4 бағыт бойынша ұсынылды. Ол – қоршаған ортаны қорғау бойынша үздік жоба, жобаның үздік сайты, инклюзия бойынша үздік жоба және тұрақты даму бойынша үздік жоба. Сонымен қатар қазылар алқасының айтуынша, қазақстандықтардың ғылыми әзірлемесі жылдың үздік ондығына кірді.
Авторы: Ақзер Сегізбай