Қазақстандық орта мектептер жаңа оқу жылына дайындықты бастады. Білім ордаларында балаларды коронавирустан қорғау жолдарын мұқият пысықтауда. Ақтөбедегі мектепте 1600-ге жуық бала білім алады. Сондықтан ұжым дайындық жұмыстарына кірісіп, қыркүйектен бастап санитарлық талапқа баса мән беруді ойластырып жатыр. Індеттің қаупі мен сақтану жолдары, мектепке кіре берістен-ақ айтылатын болады. Ал сабақ беретін 100-ден аса мұғалім мен кіші қызметкер де вирусқа қарсы екпе алған.
Мұғалімнің вакцина жасағанын немесе жасамағанын «Ashyq» бағдарламасы арқылы қадағалауға болады.
Оқушыларға қауіпті инфекция туралы ақпарат интерактивті тақта арқылы беріліп отырады. Әр сыныпта дене қызуын өлшейтін құрал мен антисептик қойылған. Сыныпта 25 баладан артық оқушы болмауы тиіс. Сабақтар арасындағы үзіліс әр топқа әртүрлі уақытта берілмек.
Айсұлу Жақсыбаева, №8 орта мектептің директоры:
- Бір жолмен кіреді де, шыққанда өзінің бір жолымен шығады. Неге десеңіз, әр сыныпқа әр кабинет бөлек бөлінген. Сабақ кестесі мен қоңырау уақыты да әр сыныпқа жеке бөлінген. Сол ереже, бағытпен балаларды күтіп, дайындық жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Өткен оқу жылында бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін әртүрлі кіру және шығу есіктері болды. Егер бұл талап биыл да болса, біз оны орындаймыз.
Оқушылардың мектепке баруынан ұстаздар да, ата-аналар да үмітті.
Шынар Амангелдіқызы, қала тұрғыны:
- Баланың мұғалімнің алдына келіп білім алғанын қалаймыз. Тақтаға, мектепке, партаға отырғанының өзі оқушыға үлкен сабақ деп ойлаймын. Сондықтан осы оқу жылында мектепте, дәстүрлі форматта оқимыз деп үміттенеміз.
Алдағы оқу жылының дәстүрлі түрде жүретіні немесе онлайн өтетіні эпидемиологиялық жағдай мен санитарлық дәрігерлердің шешіміне орай белгілі болмақ.