Мұз айдынының шеберлері елордада бас қосады. Мәнерлеп сырғанаушылар қазақстандық танымал спортшы Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнирге жиналады. Шара қазан айының 28-і мен 31-і аралығына жоспарланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа 20 мемлекеттен 100 спортшы қатысады.
Айта кетейік, Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Шамкен Байырбек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз хатшысы:
- Спортшылардың арасында биыл өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлері, келер жылы Бейжіңде өтетін ақ Олимпиадаға қатысатын спортшылар бар. Ал 2019 жылы алғаш рет өткен кезде 18 мемлекеттен спортшы келген болатын. Биыл сәл де болса көбейіп отыр. Спортшылар жекелей және жұптық сында өнер көрсетеді. Биыл бұл жарыс Халықаралық конькишілер одағының аясындағы «Challenge» санатындағы бәсекеге қосылып отыр. Бұл жүлде алған спортшылар Әлем чемпионатынан және Олимпиада ойындарынан, халықаралық гран-приден кейін екінші деңгейлі жоғары ұпайға ие болады деген сөз.
Министрлік ұйытқы болған шараны Ұлттық Олимпиада комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдап, «Денис Тен қоры» қоғамдық мекемесі ұйымдастырып отыр.
Авторы: Ақзер Сегізбай